Тәрбие процесінің ерекшеліктері

Мектепте жүргізілетін тәрбие процесі педагогтар мен оқушылардың оқу-тәрбие іс-әрекетіне енетін педагогикалық процестің негізгі бөлімі. А. С. Макаренко:«Тәрбие логикасы, оқу логикасын қайталамайды, тәрбиенің өзіндік мазмұны, принциптері, әдістері бар» , - деді.

Тәрбие процесінің негізгі ерекшеліктері қандай?

Тәрбие –қоғамдық құбылыс, өйткені қоғаның материалдық жағдайының өсуі, идеологияның өзгеруімен байланысты. Тәрбиенің мақсат –міндеттері, мазмұны мен оны ұйымдастыру тәсілдері толығып, жаңа жағдайға сәйкес жақсарып отырады.

Тәрбие – мақсатты процесс. Тәрбие мақсаты айқын әрі нақты өмір жағдайына сай белгіленсе ғана өз нәтижесін береді. Оны тәрбиешілердің өз қалауымен анықтауға болмайды. Себебі, тәрбие мақсаты қоғамның, мемлекеттік әл-ауқаты және саясатымен әрқашанда тығыз байланыста болады.

Тәрбие – көп факторлы процесс, ол тек мектепте ғана емес, отбасында, мектептен тыс мекемелерде, қоғамдық орындарда іске асырылады. Оқушылардың санасының, тәртібінің қалыптасуына әдебиет, өнер, телехабарлар, компьютерлік технология, бейнефильмдер әсер етеді. Қазіргі кезде балаларға әсер етуші хабарлар өте көп, оның кейде жағымсыз әсерлері де болатындығын ескеруіміз керек.

Тәрбие процесі – ұзақ процесс. Ол бала өмірге келгеннен басталып, өмір бойы жалғасады.

Адам есейген шағында да тәрбиеленіп, тіпті, қайта тәрбиеленуі де мүмкін. Адам еңбек, моральдық тәжірибені, эстетикалық құндылықтарды меңгеріп білімін кеңейтеді. Әсіресе, баланың мектептегі шағында оның дамуы тез жүреді. Тәрбие үздіксіз процесс болғандықтан, оның нәтижесін бірден көруге болмайды. Мысалы: оқушы аз уақыт ішінде тарихи оқиғаларды оқып алуы мүмкін, бірақ жақсы жолдас немесе ұйымшыл адам болып тәрбиеленуі ұзаққа созылуы да мүмкін.



Тәрбие процесі сатылы сипатта болады. Ол бірнеше кезеңге бөлінеді.

Бірінші кезеңде бала отбасындағы, мектептегі алғашқы ережелерді меңгереді. Оларда қарапайым тәртіп дағдылары қалыптасады.

Екінші кезеңде оқушылардың тәртіп туралы алғашқы түсініктерінің негізінде түрлі жағдайларда дұрыс шешім қабылдау, қоғамдағы тәртіп ережелерін сақтау дағдылары қалыптасады.

Үшінші кезеңде тұрақты мінез-құлық дағдыларына ие болады.

Тәрбие процесін бірнеше рет қайталауға болады. Мысалы адамның бір сапалық қасиетін қалыптастыруға қайта-қайта оралуға тура келеді. Бұл жай қайталау емес, жас ерекшелігіне қарай баланың білімін, тәрбиесін, тереңдету.

Бастауыш сыныпта қарапайым тәртіпке көңіл бөлінсе, орта буын сыныптарында жауапкершілік сезімін қалыптасуға бірінші орын беріледі. Ал жоғары сыныпта жоғары саналылық қалыптастырылады. Алайда оқушылардың сапалық қасиеттерін дамыту бірізділікпен жүргізіледі. Бірінші тоқсанда шыншылдыққа, екінші тоқсанда ұйымшылдыққа тәрбиелеймін деуге болмайды.

Тәрбие процесі –екі жақты, белсенді процесс. Оны тек тәрбиеленушігебағытталған педагогикалық әрекетпен шектеуге болмайды.

Оқушылар міндетті түрде өзін-өзі тәрбиелеуі қажет., баланың ішкі белсенділігін ояту керек. Тәрбие процесінде балалардың қажеттілігі мен қызығушылығын ескереміз.

Тәрбие процесінде балалар ұжымын ұйымдастыру жұмыстары маңызды орын алады. Сондықтан А. С. Макаренко «Тәрбие жұмысы ұйымдастырушының жұмысы» - деді. Мектеп директоры, директордың тәрбие іс жөніндегі орынбасары, сынып жетекшісі, мұғалімдер –тәрбие жұмысын ұйымдастырушылар. Тәрбие нәтижесі көбінесетәрбиешілердің педагогикалық шеберлігімен, оқушылар ұжымымен дұрыс қарым-қатынас орната білуіне байланысты.



Тәрбие – болашаққа бағытталған процесс. Тәрбие беруде тек бүгінгі күн міндеттерін ғана емес, алдағы мақсаттарды да ескеруіміз керек.

Тапсырмалар:

1. Оқу және тәрбие процестерінің ұқсастықтары мен ерекшеліктерін

анықтаңыз.

2. Машық кезінде тәрбие принциптері қалай іске асырылатынын

байқаңыз.

3. Әртүрлі тәрбие әдістерінің өзара байланысынсипаттаңыз.


4223886502104093.html
4223919467062261.html
    PR.RU™